Атырау облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасына жаңа басшы тағайындалды

АТЫРАУ.KAZINFORM — Атырау облысы әкімінің Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен келісілген өкіміне сәйкес энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы болып Жантас Оспан тағайындалды.

Фото: Атырау облысы әкімдігі

Жантас Оспан 2009 жылы Атырау мұнай және газ институтын «Мұнай-газ саласындағы қолданбалы экология», 2019 жылы С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетін «Мұнай-газ ісі», 2025 жылы Алматы Менеджмент Университетін «Жалпы және стратегиялық менеджмент» мамандығы бойынша тәмамдаған. Магистр дәрежесі бар.

Еңбек жолын 2004 жылы «Жаңа жол-1» ЖШС-нде жабдықтау жөніндегі инженер болып бастаған. Әр жылдары мұнай-газ саласындағы кәсіпорындарда сапаны бақылау инженері, құрылыс жөніндегі директордың орынбасары, БӨАжА инженері, маман, өндірістік-техникалық бөлім басшысының орынбасары және бөлім басшысы қызметтерін атқарған.

2023 жылғы желтоқсаннан бері 2026 жылдың шілдесіне дейін энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасында тапсырмалардың орындалуын бақылау жөніндегі инспектор, кейін басқарма басшысының орынбасары болып жұмыс істеді.

Жаңа лауазымға тағайындалғанға дейін ол 4 айға жуық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына жетекшілік етті.

Бұған дейін Мемлекет басшысының Жарлығымен Марат Ирменов ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып тағайындалғанын жазған едік.