Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, қазір № 1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 70-тен астам жас спортшы тұрақты түрде жаттығады.
Биыл атыраулық спортшылар көктемгі Қазақстан чемпионатында, Орал қаласында өткен республикалық жарыстарда және Азия чемпионатында жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Нәтижесінде облыс қоржыны 11 алтын, 6 күміс және 3 қола медальмен толықты.
Түркістанда өткен Азия чемпионатының қола жүлдегері Анатолий Русаков бұл жетістікті өзінің спорттық жолындағы маңызды белес ретінде бағалайды.
— Бұл — Азия чемпионатындағы алғашқы жүлдем. Байдарка мен каноэ есу сырт көзге жеңіл көрінгенімен, үздіксіз дайындықты талап етеді. Жақсы нәтиже көрсету үшін күн сайын жаттығып, өзіңді үнемі шыңдап отыру қажет. Алдағы уақытта бұдан да жоғары жетістіктерге жетуге күш саламын, — дейді спортшы.
Жаттықтырушы Данияр Бекшойынның айтуынша, ескек есу спортына балалар 10 жастан бастап қатыса алады.
— Бұл спорт түрінде ең алдымен баланың суда өзін еркін сезінуі маңызды. Сонымен қатар тепе-теңдікті сақтау, төзімділік пен тәртіп те үлкен рөл атқарады. Жаттығу барысында балалардың физикалық дайындығы ғана емес, мінезі мен жауапкершілігі де қалыптасады. Жаз мезгілі — ескек есу спортымен айналысуға ең қолайлы кезең. Қазір спортшылар халықаралық жарыстарға дайындықтарын жалғастырып жатыр, — деді ол.
Айта кетейік, бүгінде Атыраудағы ескек есу базасын реконструкциялау жұмыстары басталды.
Бұдан бұрын Түркістанда ескек есуден жазғы Қазақстан чемпионаты басталғанын жазған едік.