Атырау-Орал трассасынан Индербор кентіне баратын жол ашылды

Фото: Фото: Атырау облысының жедел штабы

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау-Орал трассасынан Индер ауданының орталығы — Индербор кентіне дейін баратын жолды жөндеу аяқталды. Енді бұл жолмен тек жеңіл көліктердің жүруіне рұқсат берілді.

Индер ауданы әкімінің орынбасары Артур Мурзиннің айтуынша, аталған жолдың 100 метр бөлігін тасқын су басқан. 

«Атырау-Орал трассасынан Индербор кентіне бұрылатын 7 шақырым жолды қалпына келтіру 14 мамырда басталды. Жолдың екі жиегіне топырақ толтырылған 1 тонналық қаптар төселді. Тасқын судың тоқтаусыз ағуы үшін 720 миллиметрлік 3 темір тұрба салынды. Топырақ пен гипс тастар төгілді. Жолды жөндеуге 3 жүк тиегіш, 1 гидромек, 1 экскаватор, 7 КамАЗ көлігі тартылды», — деді Артур Мурзин.

Фото: Атырау облысының жедел штабы

Жөндеу жүргізілген 7 шақырымдық жол 16 мамыр күні кешкі сағат 21:00–де ашылды.

Бірақ, бұл жолмен ауыр жүк көліктерінің жүруіне тыйым салынған. 

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау-Орал трассасынан Индерборға баратын жолды жөндеу аяқталуға жақын екенін жазған едік.