Атырау-Орал трассасынан Индерборға баратын жолды жөндеу аяқталуға жақын
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау-Орал трассасынан Индербор кентіне баратын жолды жөндеу аяқталуға жақындады. Жол бүгін кеште ашылуы мүмкін.
Индер ауданы әкімінің орынбасары Артур Мурзиннің айтуынша, аталған жол бөлігінің ұзындығы – 7 шақырым.
Бұл жолдың 100 метр бөлігін 13 мамыр күні Жайық өзенінен сай-жыраларға жайылған тасқын су шайып кеткен еді.
«Тасқын су шайған жолды қалпына келтіру 14 мамырда басталды. Жолды жөндеуге 3 жүк тиегіш, 1 гидромек, 1 эксковатор, 7 КамАЗ көлігі тартылды. Қазір жодың кедергісіз ағуы үшін диаметрі 720 миллиметрлік 3 темір тұрба салынды. Топырақ пен гипс тастар төгілді», - дейді Артур Мурзин.
Оның айтуына қарағанда, аталған жол қалпына келтірілгеннен кейін тек жеңіл көліктерге жүруге рұқсат беріледі. Ал, жүк көліктерінің қозғалысына шектеу қойылады.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Индер ауданындағы елді мекендердің тұрғындары Индербор кентіне қайықпен қатынайтынын хабарлаған едік.