Атырау-Орал трассасынан Талдыкөл ауылына баратын жолды тасқын су басты

Фото: Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау-Орал трассасынан Махамбет ауданындағы Талдыкөл ауылына баратын жолды тасқын су басты. Сол себептен ауылда қалған тұрғындар қайықпен қатынайды.

Атырау облысының жедел штабынан мәлім еткендей, бүгін Талдыкөл ауылына баратын жолды тасқын су басып кеткен. 

«Жолды су басуына байланысты ауыл тұрғындарының Атырау қаласымен қатынасын үзбеу үшін төтенше жағдайлар департаментінің мамандары қайықпен тасымалдау қызметін ұйымдастырып отыр. Талдыкөл ауылына су басу қаупі төніп тұрған жоқ. Ауылдағы бөгетті қосымша бекіту жұмысы үзіліссіз жүргізіліп жатыр. Қазір бұл ауылында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімінен 59 сарбаз, Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылымынан 17 қызметкер мен арнайы техника тартылды»,-деп хабарлады облыстық жедел штаб. 

Талдыкөл ауылынан 207 тұрғын Атырау қаласындағы эвакуация пунктіне көшірілген.

Ал, 422 адам өз қалауымен туыстарының үйіне орналасқан. 

Еске сала кетелік, Атырауға көшірілген Талдыкөл тұрғындары ауылымызды тасқын су баспаса екен деп тілеп отыр.