Атырау-Орал трассасының Махамбет ауданына дейінгі бөлігі жөндеуге жабылады

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласынан Оралға қатынайтын трассаның Махамбет ауданына дейінгі бөлігі жөндеу жүргізу үшін уақытша жабылады.

Фото: Атырау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы

Атырау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, аталған жол бөлігін 3 шілде күні сағат 08:00–ден бастап жабу көзделген.

«Республикалық маңызы бар Атырау-Орал бағытындағы тас жолының 5-67 шақырым аралығындағы Махамбет ауданының орталығына дейінгі учаскесі уақытша жабылады. Жөндеу жұмыстарын 8 шілдеге дейін толық аяқтау жоспарланып отыр», -деп хабарлады аталған басқармадан.

Осыған байланысты жеңіл автокөліктер иелеріне облыстық маңызы бар Атырау-Индер бағытындағы жол арқылы қатынау ұсынылды. Ал, ауыр жүк көліктері үшін Махамбет-Х.Ерғалиев-Таңдай ауылы бағытындағы жол ашық.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау-Индер бағытындағы жолдың тасқын су басқан бөлігі уақытша ашылғанын хабарлаған едік.