Атырау – Орал және Атырау – Индер жолдарын жалғайтын көпірде ауыр жүк көліктеріне шектеу қойылды

АТЫРАУ. KAZINFORM — Махамбет ауданындағы Атырау – Орал және Атырау – Индер автомобиль жолдарын байланыстыратын көпірде ауыр жүк көліктерінің қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі. Бұған көпірде жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстары себеп болған.

Фото: Атырау облысы Махамбет ауданы әкімдігі

Аудан әкімдігінің хабарлауынша, шектеу 2026 жылғы 5 қарашадан бастап 20 күнге енгізілді. Осы кезеңде ауыр жүк көліктерінің барлық түріне көпір арқылы жүруге рұқсат берілмейді.

Жүргізушілерге сапарларын алдын ала жоспарлап, балама бағыттарды қарастыру ұсынылды.

Айта кетейік, Жайық өзенінің үстіне салынған көпір 2018 жылы пайдалануға берілген.

Еске салайық, иыл ғана орташа жөндеуден өткен Атырау қаласындағы орталық көпірдің деформациялық тігістерін ауыстыру жұмысы келер жылға қалды.