Атырау полицейлері перзентханаға жедел жеткізген үш жүкті әйел аман-есен босанды

Атырау облысында жолда патрульдік қызмет атқарған полицейлер 3 жүкті әйелді перзентханаға жедел жеткізді. Перзентханада 1 ұл, 2 қыз өмірге келді, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: Атырау облысы ПД

 Атырауда соңғы күндері ауа райы күрт суытты.

Сол себептен патрульдік полиция ротасының қызметкерлері жолда қалған көлік иелеріне көмек беріп жүр.

«Ақтөбе-Атырау-Астрахан тасжолының 597-шақырымы тұсында Honda автокөлігінің жүргізушісі рота инспекторлары, полиция капитандары Асланбек Бейсембаев, Нұрлыбек Бақытжанов пен полиция аға лейтенанты Тұрар Қибаштан әйелін облыстық перинаталды орталыққа жеткізуге көмек сұраған. Ал, жедел жәрдем бригадасының мейірбикесі Атырау-Орал тасжолы бойындағы Алмалы бекетіндегі полиция инспекторлары Алмас Бейсенғалиев пен Жангелді Оспановтың көмегіне жүгінген. Жедел жәрдем көлігі бұзылып, жүрмей қалған. Аталған жолда полиция қызметкерлері Бердібек Хабибуллаев пен Жангелді Оспанов тағы бір жүкті әйелге көмек қолын созды» деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Полиция қызметкерлері үш жүкті әйелді облыстық перинаталдық орталыққа жеткізген.

Ал перзентханада үш ана аман-есен босанып, өмірге 1 ұл, 2 қыз келген.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда өмірге келген 20 миллионыншы сәбидің есімі — Мұхаммад екенін хабарлаған болатынбыз.