Қала тұрғындарының айтуынша, иіс үйдің ішінде де сезіліп, тыныс алуды қиындатқан. Олар иістің қайдан тарағанын түсіндіруді және оның адам денсаулығына ықтимал әсеріне қатысты нақты ақпарат беруді талап етіп отыр. Кейбірі иістен жүрегі айнып, өзін жайсыз сезінгенін жазған.
Атырау тұрғындары AirKaz.org платформасы арқылы қаладағы ауа сапасының көрсеткіштерін бақылап, ондағы мәліметтерді әлеуметтік желілерде бөлісіп отыр. Мысалы, 7 қыркүйек сағат 05:00-дегі деректе Авангард ықшамауданында күкіртсутек мөлшері 60 мкг/м³ болғаны, бұл көрсеткіштің рұқсат етілген шекті деңгейден 7,5 есе жоғары екені көрсетілген.
109 бірыңғай байланыс орталығының мәліметіне сүйенсек, 1 қыркүйектен бері тұрғындардан желіге ауа сапасына қатысты 70-тен аса шағым түскен.
Ал Атырау облысы бойынша экология департаменті 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мониторинг жүргізді, ауа құрамындағы ластаушы заттар шекті нормадан аспады деп отыр.
Мамандар Химпоселок ықшамауданындағы Қабдолов пен Ақын Сара көшелерінің қиылысынан, «Восток» бекетінен, Жеңіс саябағы маңынан және Азаттық көшесі, 169 мекенжайындағы «Сауда базасы» аумағынан сынама алған. Зерттеу барысында күкіртсутегі, күкірт диоксиді, көмірсутегі және көміртегі оксиді секілді ластаушы заттардың мөлшері тексерілген.
Химпоселок ықшамауданында күйік иісі, ал «Сауда базасы» аумағында көмірсутектің иісі сезілген. Алайда алынған сынамалар нәтижесінде ластаушы заттардың рұқсат етілген шекті шегінен асқаны анықталмапты.
- Қала тұрғындарының жағымсыз иіске байланысты шағымдарына сәйкес 5 қыркүйек күні Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне қарасты «Ұлттық сараптама орталығы» АҚ және «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-нің мамандары Атырау қаласының Нұрсая ықшамауданы, №13 Ақшағала бекеті, «АМӨЗ» ЖШС-нің санитарлық қорғау аймағына тыс жерден, аталаған зауытқа тиесілі №2 Пропарка экобекеті тұсынан атмосфералық ауадан сынама алу жұмыстарын жүргізді. Бірлесіп жүргізілген атмосфералық ауадан сынама алу жұмыстары нәтижесінде, газталдағыш құрылғылар ластаушы заттардың рұқсат етілген нормадан асу дерегін анықтамады,-деп хабарлады экология департаменті.
6 қыркүйек күні Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ауадан сынама алған. Әзірге қорытындысы шықпаған.
Ал билік әдеттегідей жауаптылардың басын қосып, жиын өткізді. Облыс әкімдігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, жергілікті атқарушы орган ауа сапасына мониторинг жүргізетін өңірлік жүйе құру бойынша ұсыныстарды жинап, ластанудың ықтимал көздерін жан-жақты әрі объективті тексермек.
Айта кетейік, 7 қыркүйекте Павлодар, Алматы қалаларында, түнде Қарағанды, Жезқазған, Балқаш, Теміртау, Өскемен, Семей, Атырау және Астана қалаларында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар күтіледі.