Атырау тұрғындары Көрісу күні мен 22 наурызда қоғамдық көлікпен тегін жүреді

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласының тұрғындары мен қонақтары 14 және 22 наурызда қоғамдық көлікпен тегін қатынайды.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкиннің айтуынша, қоғамдық көліктер бұл күндері мұнайлы шаһар мен оның маңындағы елді мекендерге жолаушыларды тегін тасымалдайды.

– Көрісу күні мен Наурыз мерекесіне орай 14,22 наурыз күндері Атырау қаласында, оған жақын орналасқан ауылдық округтерде қоғамдық көліктер тегін қатынайды. Тұрғындардың бұл күндері жақындарымен қауышып, Ұлыстың ұлы күнін кеңінен атап өтуге атсалысу үшін осындай шешім қабылданды. Қоғамдық көліктерде тегін жүру атыраулықтар мен қонақтардың мерекелік көңіл күйін көтеруге мүмкіндік береді, - дейді Шәкір Кейкин.

Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа сүйенсек, қазір жолаушы тасымалдайтын 5 компания бар.

– Аталған компаниялардан күн сайын 32 маршрут бойынша 250-ге жуық автобус жолға шығады. Автобустар Атырау қаласы мен жақын маңдағы елді мекендерге жолаушы тасымалдайды, - деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атыраудан Алматыға баратын 160 жолаушы Қарабатан стансасына автобуспен жеткізілгенін хабарлаған болатынбыз.