Атырау тұрғындары Жайық өзеніндегі жұқа мұз үстінен балық аулап жүр

Атырауда күн жылынып, Жайық өзеніндегі мұздың кейбір тұсы еріп кеткен. Алайда, төтенше жағдайлар саласының ескертуін елемей, балық аулаушылар қатары көбейді, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: freepik

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, Жайық өзеніндегі мұз жұқарған.

Алайда, мұз үстіне балық аулауға шығатын балық аулаушылар саны азаймай тұр.

«Ауа райының жылы болуына орай Жайық өзенінің кейбір тұсында мұз еріп кетті. Қазір өзендегі мұздың қалыңдығы орташа – 6-7 см. Ал, жағалаудағы мұз 2-3 см-ге дейін жұқарған. Сол себептен, Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары күн сайын балық аулаушыларға, тұрғындарға қауіпсіздік талаптарын сақтауға байланысты түсіндіру жұмысын жүргізуді қолға алды», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.

Осыған байланысты төтеншеліктер әуесқой балықшылар мен тұрғындарға жұқа мұз үстіне шығып, оқыс оқиғаға ұрынып қалмау қажеттігін ескертті.

«Алайда, Жайық өзенінен балық аулаушылар құтқарушылардың ескертуін ескере бермейді. Мұндай немқұрайлық өкінішке ұрындыруы мүмкін. Сол себептен, оқыс оқиғаның алдын алу үшін мұздағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтаған жөн», -деп ескерту жасады департаменттің байланыс тобынан.

Еске сала кетелік, бұған дейін полицейлер өзеннің мұзы ойылғанда суға түсіп кеткен екі адамды құтқарып қалғанын жазған болатынбыз.

Ал, бүгін түнде атыраулық полицейлер жасөспірім қызды құтқарды.