Атырау тұрғындарына үй салу үшін 1 мыңға жуық жер телімі берілген

Атырау облысының тұрғындарына 10 айда жеке үй құрылысын салу үшін 966 жер учаскесі берілген, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: Kazinform

Атырау облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Әлібек Ермекқалидың мәліметінше, биыл 1452 жер учаскесін беру көзделген.

«Жер кодексінің талаптарына сәйкес жеті санат бар. Оның басым бөлігі - ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесі. Былтыр ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 3 млн 220 мың гектарды құрады. Ал, биыл бұл мақсаттағы жер - 3 млн 209 мың гектар. Төмендеудің басты себебі — қайтарылған жер көлемінің артуы. Қазір облыстағы жер көлемі — 11 млн 863 мың гектар. Оның төрттен бірі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге жатады. Биыл ауыл шаруашылығы мақсатындағы 222 мың гектар 257 жер учаскесі кері қайтарылды», -дейді Әлібек Ермекқали.

Оның айтуынша, тұрғындарға жер учаскесін беру кезінде туындайтын бірқатар мәселе бар.

«Тұрғын үй салу үшін берілген жер туралы шешімді алған адам алдымен құзырлы органға тіркеліп, кадастрлық жоспарын жасақтауы қажет. Өкінішке қарай қазір қолына жер кезегі келгені туралы шешімді алған кейбір тұрғындар тіркелуді ескермейді. Бұл әсіресе, аудандарда көп кездеседі. Осыған байланысты жердің берілгені жөнінде деректер базасында тіркелмегені туралы ақпарат болса, бұл бос жер екені көрініп тұрады. Сәйкесінше әрі қарай процедураны жүзеге асырған кезде жердің беттесу фактісі анықталып, қиындық тудырады», — деді Әлібек Ермекқали.