Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, күдікті 8 қарашада ұсталған.
«Депарменттің балық қорына қылмыстық қол сұғушылыққа қарсы күрес бөлімі мен ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері «Браконьер» жедел-іздестіру іс-шарасы кезінде 1997 жылғы тұрғынды ұстады. Күдікті – Атырау қаласының тұрғыны. Ол аулауға тиым салынған бекіре тұқымдас балықты заңсыз тасымалдап, сатпақ болған. Оның тұрғылықты мекен-жайына тінту жүргізу кезінде жалпы салмағы 282,5 келі 76 бекіре тұқымдас балық тәркіленді, -деп хабарлады департаментті ңбаспасөз қызметі.
Қазір аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 339-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды.
«Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасы, Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес адамның кінәлі екендігі заңды күшіне енген сот үкімімен танылғанша, ол жасалған қылмысқа кінәлі емес деп есептеледі», -деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау тұрғыны 96 келі бекіре балығымен ұсталғанын хабарлаған едік.
Сондай-ақ, екі тұрғыннан заңсыз ауланған бекіре мен аңшы қаруы табылғанын жазған болатынбыз.