Атырау облысының прокуроры Бауыржан Жұмақановтың мәліметінше, балалар өліміне қатысты әр іс бақылауға алынған.
Өйткені, соңғы кезде Атырауда балалардың өліміне байланысты бірнеше қайғылы жағдай тіркелді. Мәселен, «Жеңіс» саябағында кішкентай қыздың үстіне дұрыс бекітілмеген бюсттің құлап, қайтыс болды. Бір аптадан кейін, балабақшада бала септикке құлап кетті. Тағы бір жасөспірім орталық бассейнге батып кетті. Көшедегі субұрқақта құлаған тағы бір қыз көз жұмды. Ал, өткен аптада Қызылқоға ауданының Сағыз ауылында мотоциклмен түйеге соғылған жасөспірім мерт болды. Келесі күні 15 жасар оқушы көпқабатты үйдің терезесінен секіріп, суицид жасады.
«Прокуратура жасөспірімдердің өліміне қатысты әрбір істі ерекше бақылауға алып отыр. Қазір уақытта қайғылы оқиғаларға себеп болған тұлғаларды анықтау, оларды жауапқа тарту мақсатында шаралар қолға алынды. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мұндай фактілерді болдырмауға, болашақта қайталауға жол бермеуге барлық жағдай жасалады», - деді Бауыржан Жұмақанов.
Атырау облысының прокуратурасының дерегіне сүйенсек, қазір «Бақытты және қауіпсіз балалық шақ» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Прокурорлар қиын тұрмыстық жағдайға тап болған 50-ден астам отбасына барған. Кәмелетке толмағандар арасында қайыр сұрау фактілері анықталып, ата-аналарын жауапкершілікке тарту қолға алынып отыр.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда 5-қабаттан құлаған жасөспірімнің өліміне қатысты тергеу басталғанын хабарлаған едік.