Атырау жолдарынан жыл басынан бері 471 ақау анықталды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында автомобиль жолдарының сапасына жүргізілген бақылау барысында 471 ақау мен кемшілік анықталды.

Фото: ҚР Көлік министрлігі

«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының бөлім бастығы Нұрлан Жантуриннің мәліметінше, жыл басынан бері филиал мамандары автомобиль жолдары мен жол құрылысы саласындағы 130 нысанда 278 тексеру жүргізген. Нәтижесінде 471 түрлі ақау мен кемшілік анықталған.

– Бүгінде анықталған олқылықтардың 172-сі толық жойылды. Қалған ақаулар бойынша мердігер ұйымдар мен тапсырыс берушілерге тиісті ұсынымдар мен нұсқамалар берілді. Барлық жұмыстың орындалуы тұрақты бақылауда болады, – деді Нұрлан Жантурин.

Сонымен қатар жыл басынан бері жол құрылысында пайдаланылатын материалдардың сапасына зертханалық бақылау жүргізіліп, 770 сынама алынған. Оның ішінде республикалық маңызы бар автомобиль жолдарынан алынған 205 сынаманың 167-сі, ал жергілікті маңызы бар жолдардан алынған 565 сынаманың 413-і қолданыстағы мемлекеттік стандарт талаптарына сәйкес келген.

Бұдан бөлек, өңірдегі асфальтбетон зауыттарының жұмысына мониторинг жүргізілді. Барлығы 21 зауыт тексеріліп, оның алтауы белгіленген талаптарға толық сәйкес екені анықталған. Төрт зауыт консервация режимінде тұрса, 11 зауыттың қолданыстағы нормативтік талаптарға сәйкес келмейтіні белгілі болған.

Бұған дейін Қазақстан жол инфрақұрылымын дамытуға шамамен 1 млрд доллар тартатынын жазған едік.