Атырау облысы Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің ықпалдасуымен құны 1 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жобаны жүзеге асыруға бөгет болған заңсыз кедергілерді жойды.
Инвестор «Адал Газ Ойл Атырау» ЖШС өңірде автоқұю станциясының, кемпинг орталығының және қоғамдық тамақтану объектісінің құрылысы бойынша жобаны іске асырып жатыр. Инвестиция көлемі шамамен 1 млрд теңгені құрайды. Жоба іске қосылғаннан кейін 50 жаңа жұмыс орны ашылады. Дегенмен, құрылыс жобасын келісу барысында инвестор Жайық-Каспий бассейндік су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану жөніндегі инспекциясы тарапынан негізсіз бас тартуларға тап болған. Салдарынан жобаның іске асырылуы бірнеше айға созылып кеткен.
— Прокуратураның араласуынан кейін жобаны іске асырудан заңсыз бас тарту шешімі жойылып, әкімшілік кедергілер алынып тасталды. Прокурорлық қадағалау актісі бойынша Инспекцияның бөлім басшысы тәртіптік жауаптылыққа тартылды. Инвесторлардың құқықтарын қорғау және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу прокуратура органдарының ерекше бақылауында, — делінген хабарламада.
Бұдан бұрын елімізде инвестициялық дауларды сотқа дейін реттеудің жаңа тетігі құрылғанын жаздық.