Атырауда 10 айда 81 адам банкрот деп танылған
АТЫРАУ. KAZINFORM – Жыл басынан бері Атырау қалалық мемлекеттік кірістер басқармасына соттан тыс банкроттық рәсімге байланысты 1 188 адамнан өтініш түскен. Оның ішінде 10 айда 81 адам банкрот деп танылған.
Атырау қалалық мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айбол Амановтың дерегіне сүйенсек, 301 өтініш мақұлданып, банкрот деп тану үшін өндіріс басталған.
«Биыл 10 айда 81 адам банкрот деп танылды. Қазір 220 өтініш қаралып жатыр. Ал 887 адамның өтініші қанағаттандырылмады. Өйткені, өтініш берушілердің ісі заң талаптарына сәйкес келмейді. Ал, банкроттықты рәсімдеу үшін өтініш берген азаматтың қарыз сомасы 1 600 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі 6,3 млн теңгеден аспауы тиіс. Қарызды өтеу мерзімінің 12 айдан асқаны немесе тұрақты табысының болмағаны маңызды рөл атқарады», - дейді Айбол Аманов.
Оның айтуынша, азаматтардың банкрот деп танылуына бірнеше себеп әсер еткен.
«Біріншіден, олардың көпшілігінде тұрақты кірісі төмендеп, несие мен қарыз міндеттемелерін өтеу мүмкіндігінің болмаған. Екіншіден, еңбек нарығындағы тұрақсыздық секілді қиындыққа тап болған. Кейбір адамдардың өтініштері талаптарға сай болмағандықтан, банкрот деп танылмайды. Олар бас тарту себептерін жойып, 3 ай өткен соң банкроттыққа қайта өтініш бере алады», - деп мәлім етті Айбол Аманов.
Енді банкрот деп танылған 81 адамның алдағы 5 жылдықта банктер мен микроқаржы ұйымдарынан несие алуына тыйым салынады. Олардың қаржылық жағдайына 3 жыл бойы мониторинг жүргізіледі.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында 350 адам соттан тыс банкрот деп танылғанын хабарлаған едік.
Кейін Атырауда банкрот болғысы келген 2 792 адамның өтініші қараусыз қалғанын жазған болатынбыз.