Атырауда 10 жасар бала «Мұнайшы» стадионында бассейнге батып кетті
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырауда «Мұнайшы» стадионындағы бассейнге батып кеткен 10 жасар бала көз жұмды. Қазір кешенді тергеу басталды.
Бұл деректі Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі растады.
Оқиға бүгін, 14 шілде сағат 16:30 шамасында болған.
«Атырау қаласындағы „Мұнайшы“ стадионындағы бассейнге 10 жасар бала батып кетіп, қайтыс болды. Қазір аталған оқиғаға байланысты қылмыстық іс тіркелді. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Полиция қызметкерлері кешенді тергеу амалдарын жүргізуді бастады. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
«Мұнайшы» стадионындағы бассейніне 2019 жылы қайта жаңғырту жүргізілген.
Бассейндегі олимпиадалық стандартқа сәйкес 8 жолаққа бөлінген жүзу жолының ұзындығы — 50, ені — 21, ал тереңдігі 2 метрден асады.
Бассейн 2020 жылы сенімді басқаруға берілген. Мұнда 600-ден астам бала су спортымен айналысуға келеді.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда 4 жасар бала балабақшаның кәріз құдығына құлап, мерт болғанын хабарлаған едік.
Қазір балабақша директоры мен тәрбиеші үйқамақта отыр.