Сұлтан Исаттың өнерге деген қызығушылығы ең алдымен киім үлгілерін қағаз бетіне түсіруден басталған. Кейін әлеуметтік желі арқылы қызығушылығы оянып, түрлі видеоларды қарап, қолөнерге бет бұрған.
Атырау қаласы Еркінқала ауылында тұратын ол бүгінде түрлі жәрмеңке мен іс-шараға шақыртуды жиі алады. Анасы Жанар Темірғалидің айтуынша, тапсырыс түскен бойда лезде оны орындауды, тиянақтылықты бірінші орынға қояды. Оның қызығушылығы бастауыш сыныпта басталған. Бір қызығы Сұлтанның атасы да ісмерлікке жақын. Ал анасы мен әкесі бұл саладан алыс.
— Бесінші сыныпта кимейтін шалбарларды кесіп, қарындасына белдемше, корсет тігіп берді. Алғашында атасы оған кішкентай тігін машинасын алып берді. Одан кейін тағы біреуін алдық. Сыпыра, фартук, косметика салатын арнайы қобдиша тігу туралы ұсыныс тастадым, — дейді әуесқой тігіншінің анасы Жанар Темірғали.
Сұлтан 4 айдан бері тігіншілік өнерді кәсіби тұрғыдан меңгеру үшін арнайы курсқа қатысып жүр. Өткен жылы оюмен жұмысты, құрақ көрпе тігуді арнайы жобаға қатысып, меңгеріп алған.Қазір үйінде арнайы бұрыш жасап, 2 тігін машинасымен жұмыс істейді.
— Ұзындығы мен ені 80 см болатын сыпыраны тігуге 1,5-2 сағат уақыт кетеді.Ол үшін бандук және дак матасын қолданамын. Жалпы әр тігіске мұқият мән беру керек. Мата мен жіптің сапасы мен қалыңдығы сәйкес келмей қалуы мүмкін. Қатты маталарға арналған инемен жеңіл маталарды тіге алмайсың. Мата тартылып қалады. Джинсы матамен жұмыс істемес бұрын жуып алған дұрыс.Салқын суды пайдаланған жөн. Бұл матаның кішірейіп қалуының алдын алады, — деді Сұлтан Исат.
Бүгінде Сұлтан көйлек те, бисермен өрнектеп желетке де, шалбар да, құрақ көрпе де тігеді. Ауыл халқы қысқартатын, түзететін киімдері болса жас тігіншіні іздеп келеді. Қазір ол әлеуметтік желідегі парақшасын дамытып, өнерін көпке таныстыруда.
Нәтижесінде өзге өңірлерден де тапсырыс түсіп жатқан көрінеді. Әуесқой тігінші жұмыс істейтін маталарды өзі таңдайды, тапсырыс берушілермен де сөйлесіп, маркетингке аса мән береді.
— Тұтынушымен сөйлескенде киімнің немесе заттың бағасын айтпай, матасы мен сапасы туралы ақпарат беремін. Содан кейін ғана бағасын айтамын, — деді жас тігінші.
Бір қызығы жасөспірім тігіннен бөлек каратэмен шұғылданады, әрі түрлі тәтті пісіргенді жаны сүйеді. Дегенмен ісмерлікті бірінші орынға қояды. Өйткені, болашағын осы саламен байланыстырады.
— Өзімнің шеберханам болғанын қалаймын. Сән үйін ашқым келеді. Әрі қарай өзімді дамытып, түрлі үлгідегі киім тігуді мақсат етемін. Жоғары кәсіби білім алып, саланың үздігі болуды көздеймін, — деп жоспарын бөлісті Сұлтан Исат.
Сұлтан Исат бүгінге дейін білгенін қатарластарына үйретіп, қолөнерді насихаттап жүр. Сондай-ақ өзі тіккен бұйымдары мен киімдерін сатып, түскен қаражатты қайырымдылыққа жұмсаған кездері де болған.
Бұған дейін киізден рух сезінген атыраулық жас шебер ұлттық өнерді дәріптеп жүргенін жазған едік.