Атырауда 15-қабаттың балконынан секіруге оқталған әйел құтқарылды

Фото: Фото: pixabay.com

Атырауда 28 жастағы әйел 15-қабаттың балконынан секіруге оқталды. Оны полиция қызметкерлері құтқарып қалды, деп хабарлайды Kazinform. 

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға бүгін, 31 қазанда болған.

«Атырау қаласының 28 жастағы тұрғыны «Алмагүл» шағын ауданында орналасқан тұрғын үйдің 15-қабатындағы балконынан секіруге оқталды. Бұл туралы тұрғындардан жергілікті уақытпен сағат 14:21 шамасында 102-арнасына хабар түсті. Қалалық полиция басқармасы жедел басқару орталығының қызметкерлері бейнебақылау камерасы арқылы оқыс қадам жасағалы тұрған әйел туралы ақпаратты патрульдік полиция қызметкерлеріне бағыттама берді», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Патрульдік полиция батальоны қызметкерлері Аян Сансызбаев пен Ильяс Қобдабаев оқиға орнынан жедел жетіп, 28 жастағы әйелмен профилактикалық сұхбат жүргізген. Содан соң шұғыл құтқару әрекетіне көшкен.

«Белгілі болғандай, 1995 жылғы әйелдің жеке өмірінде түрлі қиындық туындаған. Ол сол себептен жоғарғы қабаттағы балконнан секіруге оқталған. Қазір ол жедел-тергеу тобына тапсырылды», - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда қария 5-қабаттағы терезеден секірмек болғанын хабарлаған едік.

Зейнет жасындағы қария «Авангард» шағынауданында орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің 5-қабатынан секірмек болған. Оны оқиға орнына жедел жеткен патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Қадірбек Қуатов, Әли Қадыров пен учаскелік полиция инспекторы Әнуар Құспанов құтқарып қалды.