19 наурыздан бастап өңірде 10 кәсіпорын Жайық өзенінің бойындағы 11 тартымда балық аулауға кірісті. Әр учаскеде 15-20 адамнан құралған балықшылар тобы су маржандарын аулап, цехтерге өткізіп жатыр. Олардың айтуынша, соңғы жылдары сирек кездескен көксерке өткен жылдан бері қайта байқала бастаған.
– Былтырдан бастап көксерке көрінді. Халықтың ризығы болар. Өлшемге толмайтынын алмаймыз, талапқа сай келетінін ғана аламыз. Бұрын бұл балық мүлде болмайтын, – дейді балықшы Бати-хан Сұлтанғалиев.
Дегенмен балықшылар су деңгейінің төмендігіне алаңдап отырғанын жасырмайды.
– Бұрынғыдай су жоқ. Күзден бастап балық біртіндеп көріне бастады. Енді сәуірде су келеді деп күтіп отырмыз. Қанша ауласақ, соны тапсырамыз. Қызыл балық әзірге шыққан жоқ, – дейді балықшы Сираж Кенесариев.
Мамандардың мәліметінше, көктемгі балық аулау маусымы 19 наурыз бен 15 мамыр аралығында өтеді. Белгіленген талапқа сәйкес, 19 наурыздан 15 сәуірге дейін балықшылар 5 күн ау салып, 3 күн үзіліс жасауы тиіс. Ал 15 сәуірден 15 мамырға дейін 5 күн жұмыс істеп, 5 күн демалады. Бұл шектеулер балықтардың уылдырық шашуына жағдай жасау үшін енгізілген.
– Жайық өзеніне бөлінген лимиттің бір апта ішінде 5 пайызы орындалды. Балық аулау барысын 15-ке жуық инспектор бақылап отыр. Олар таңертеңнен кешке дейін ауланған өнімнің лимиттен аспауын қадағалайды, – деді Дамбы балық инспекциясы бөлімінің бас маманы Амангелді Ахтанов.
Атырау облысы бойынша балық аулау лимиті бірнеше су айдынына бөлінген.
– Жайық өзенінде – 2878 тонна, Қиғаш өзенінде – 3612 тонна, ал Каспий теңізінің облыс аумағындағы бөлігінде 9447 тонна квота қарастырылған. Бұл жұмыспен 16 балық шаруашылығы субъектісі айналысады,-деп мәлімдеді Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы.
Айта кетейік, өткен жылы облыста 10 326 тонна квота бөлініп, нәтижесінде 9 мың тоннадан аса балық ауланған.
Бұған дейін Арал-Сырдария бассейнінде балық аулауға шектеу қойылғанын жазған едік.