Операция 19 тамыз күні жасалған. Отадан кейін жасөспірімнің жағдайы күрт нашарлаған. Оған шұғыл және қарқынды емдеу шаралары жүргізіліп, бейінді мамандар мен республикалық деңгейдегі сарапшылардың консультациялары ұйымдастырылған.
— Аталған операция техникалық тұрғыдан күрделі әрі жоғары дәлдікті талап ететін хирургиялық араласулардың қатарына жатады. Мұндай операциялар барысында және операциядан кейінгі кезеңде медициналық тәжірибеде белгілі бір қауіптер мен асқынулардың туындау ықтималдығы толықтай жоққа шығарылмайды, -деп түсіндірді облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Жасөспірім 7 қыркүйек күні көз жұмған. Қазір оқиғаның мән-жайы, медициналық көмектің дер кезінде көрсетілген-көрсетілмегені және оның сапасы, сондай-ақ туындаған асқынулардың себептері жан-жақты зерделеніп жатыр.
— Тексеру және сараптама жұмысы толық аяқталғанға дейін қандай да бір алдын ала қорытынды жасауға негіз жоқ. Пациентке қатысты егжей-тегжейлі медициналық ақпарат дәрігерлік құпияны және дербес деректерді қорғау талаптарына сәйкес жария етілмейді, — деп толықтырды денсаулық сақтау басқармасы.
Бұған дейін Оралда ток соққан 10 жастағы бала көз жұмғанын жазған едік.