Атырауда 167 адам ағза трансплантациясын күтіп отыр

АТЫРАУ.KAZINFORM - Атырау облысында 167 адам ағза ауыстыру үшін кезекте тұр. Оның 8-і – бала. Науқастардың басым бөлігі бүйрек трансплантациясына мұқтаж.

Фото: Pexels

Өңірде 152 адам бүйрек жеткіліксіздігі бойынша есепте тұр. Бұдан бөлек, жүрек, өкпе және көз секілді ағзаларды ауыстыруды қажет ететін науқастар бар.

Солардың бірі – Атырау қаласының тұрғыны Асылай Зекенова. Оған үш жыл бұрын бүйрек жеткіліксіздігі диагнозы қойылған. Содан бері диализ орталығында ем алып келеді. Ал бүйрек трансплантациясына кезекке тұрғанына бір жыл болған.

Асылай Зекенованың айтуынша, елімізде трансплантацияға мұқтаж адамдар көп болғанымен, донор тапшылығы мәселесі әлі де өзекті.

- Шетелдік клиникаларға қарағанда бізде бұл үдеріс бәсең. Біздегі түсінік басқаша. Қайтыс болған адамның ағзасын алу қиын. Бұл жерде дін мәселесі де бар. Ешкім өзінің жақын туысын ағзасын алуға бере салғысы келмейді. Бірақ мен сияқты ағзаға мұқтаж адам елде көп, – дейді Асылай Зекенова.

Мамандардың айтуынша, мәйіт донорлығына қатысты басты мәселенің бірі – марқұмның туыстарынан келісім алу.

Атырау облысы бойынша трансплантация координаторы Дәулен Елеуовтің сөзінше, адамның ми өлімі расталып, қажетті медициналық тексерулер жүргізілгеннен кейін ғана туыстарымен сөйлесу басталады.

- Бас-ми өлімі болғаннан кейін, тексерістен өткен соң ғана маған хабарласады. Содан кейін ағайындарымен сөйлесіп, мәйітті донор етуге рұқсат сұраймын. Биыл мұндай жағдай төртеу болды. Бірақ оның ешқайсысында туыстары рұқсат берген жоқ, – дейді Дәулен Елеуов.

Соңғы жылдары Қазақстанда трансплантация саны артты. 2023 жылы 236 операция жасалса, 2024 жылы — 260, 2025 жылы — 310 операция жүргізілді. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында тағы 150 трансплантация жасалды, оның 30-ы қайтыс болған донорлардан алынған ағзалар арқылы орындалды.