Атырауда 19 жастағы қызды қорлап, әлеуметтік желіге видео жариялаған жігіт 30 күнге қамалды

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырауда 19 жастағы қызды ұрып-соғып, пышақ жарақатын салған, кейін оның видеосын әлеуметтік желіге жариялаған жігітке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала мәліметке сәйкес, оқиға 8 наурыз күні таңертең болған. Күдікті ретінде 21 жастағы қала тұрғыны ұсталған. 

Фото: pixabay.com

Күдікті бірнеше сағат қызға қысым көрсетіп, пышақ жарақатын салып, қорлаған. Сондай-ақ болған жайттың бір бөлігін әлеуметтік желідегі сторис пен Telegram мессенджерінде жариялаған. Зардап шеккен қыздың денесі мен аяқтарында көп жарақат болған. Ол облыстық аурухананың жарақат пунктіне жеткізілген.

— Дәрігерлердің тексеруі нәтижесінде науқастың аяқ-қолдары мен бет аймағында беткей жарақаттары анықталды. Медициналық қызметкерлер тарапынан қажетті медициналық көмек көрсетілді. Жағдайы қанағаттанарлық болғандықтан, науқас амбулаториялық ем қабылдау үшін үйіне жіберілді. Қыз дәрігерлердің бақылауында, — деп мәлімдеді денсаулық сақтау басқармасы.

Осы жағдай бойынша күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 110-бабы, яғни қинау бойынша қылмыстық іс қозғалған.

— Аталған дерекке қатысты қылмыстық іс тіркеліп, кешенді тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 21 жастағы күдікті қамауға алынды. Кешенді тергеу амалдары жалғасып жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды, — деді облыстық ПД баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.

Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты ӘҚБтКнің 440-1-бабының 1-бөлігі (есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді, сондай-ақ күшті әсер ететін заттарды медициналық емес мақсатта тұтыну) және 434-бабының 2-бөлігі бойынша құқық бұзушыға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарады.

2026 жылғы 8 наурызда азамат Атырау қаласында ұсталып, тексеру барысында оның медициналық емес мақсатта есірткі, атап айтқанда «PVP» (альфа пирролидинопентиофенон), «ТРМ» (метаболиты тропикамида) қолданғаны анықталған.

Сондай-ақ, ол әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін құқық бұзушылықты бір жыл ішінде қайталап, Атырау облыстық ауруханасында былапыт сөйлеп, айналасындағыларға құрметсіздік көрсетіп, қоғамдық тәртіпті бұзған.

— Күдіктінің әкімшілік құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалармен, сауал қою хаттамаларымен, медициналық куәландыру қорытындысымен және бейнежазбалармен толық дәлелденді. Сот қаулысымен ол ӘҚБтК-нің 440-1-бабының 1-бөлігімен, 434-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, жасалған құқық бұзушылықтың сипаты, оның жеке басы, оның құқық бұзушылық жасағанға дейінгі және одан кейінгі мінез-құлқы ескеріле отырып, оған әкімшілік жаза ретінде 30 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы қолданылды, — деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.

Айта кетейік, сот қаулылары заңды күшіне енді.

Бұған дейін Шымкентте полицейді ұрған жасөспірім жазаланды.