Атырауда 2 жасөспірімге қасақана дене жарақатын салған күдіктілер ұсталды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда бір топ күдікті 2 жасөспірімді ұрып, қасақана дене жарақатын салған. Күдіктілер ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді.
Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға мұнайлы шаһар маңындағы Еркінқала ауылдық округінде болған.
— Екі жасөспірімге қасақана дене жарақатын салған барлық күдікті анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Күдіктілердің кәмелет жасына толмауына байланысты заңды өкілдерінің қатысуымен жауап алынады. Қазір аталған оқиғаға байланысты қылмыстық іс тіркеліп, кешенді тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды, — деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Жәбірленушілерге сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау басталған.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда 3 күн бұрын Жайыққа батып кеткен бозбала табылмай жатқанын хабарлаған болатынбыз.