Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облыстық филиалының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, өңірде IV санаттағы нысаны бар 252 табиғат пайдаланушы жұмыс істейді.
«Алайда, ҚР Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы кодексіне сәйкес, I, II және III санаттағы объектілердің операторлары ғана қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төлемақы төлеушілер қатарына жатады. Ал, салық салудың осы түрі бойынша IV санаттағы объектілердің операторлары салық төлеушілер болып табылмайды. Кәсіпкерлердің құқықтары туралы тиісті түсіндіру жұмыстарының болмауынан анықталған бұзушылықтарға жол беріліп отыр», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Осыған байланысты облыстық департамент мониторинг қорытындысымен кәсіпкерлерге төлемдерді қайтаруды жүзеге асыру, сондай-ақ, нысаналы топ арасында түсінік беру жөнінде ұсыныс енгізген.
Соның нәтижесінде 10 кәсіпкерлік субъектісіне 653 мың 759 теңге кері қайтарылған. Ал, 3 субъект өз еркімен 710 мың 884 теңгені қайтарудан бас тартқан.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау мұнай өңдеу зауытының бюджетке төлейтін салығы былтырғыдан 1,5 есеге артқанын жазған едік.