Атырауда 20 жылдан бері қараусыз қалған канал ақыры жабылады

Фото: Атырау облысы әкімдігі

АТЫРАУ.KAZINFORM – Атырауда 2000 жылдардың басында қазылған «Ерік-Мостовой» каналы жаңбыр мен қар суының тұндырғысына, ал жазда шыбын-шіркейдің ұясына айналды. Жергілікті атқарушы орган араға ондаған жыл салып, каналдың тағдырына нүкте қойды.

Жуырда Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов ұзындығы 16 шақырымға созылған канал жабылып, жаңғыртылатынын айтты.

Бұл жұмысқа Атырау қалалық құрылыс бөлімі жауапты. Жаңғырту жұмысының жобасын жасауға бюджеттен 112 млн теңге бөлінген. Қазір жобаға түзетулер енгізіліп жатыр. Жоспарға сәйкес арнаның техникалық жағдайын жақсарту және санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында канал ішіндегі лас және тұрмыстық су тазартылып, канал түбін және қабырғаларын тазалау, нығайту және гидрооқшаулау жұмысы жүреді.

– Жобаға сәйкес каналдің ішіне дренаж жүйесі, су құбырлары, кәріз жүйесі, жазғы суару жүйесі тартылады. Арна бойына бірнеше кәріз сорғы станциясы салынып, оған жиналған лас су «Квадрат» булану алаңына айдалады. Канал аумағын абаттандыру және көгалдандыру мақсатында арнаның беті толық жабылып, жаяу жүргінші, велосипед жолы және жүгіруге арналған жолақ болмақ. Сондай-ақ, орындықтар қойылып, жарық шамдары орнатылады, - деп хабарлады Атырау қаласы әкімдігі.

2001-2002 жылдары Атырау қаласының оң жағалау бөлігін абаттандыру үшін Мостовой каналын қалпына келтіру бойынша «ПИИ Атырауаводпроект» ЖШС жобалау институты ауқымды жоба істеді. Бұл жерде жасыл белдеу пайда болып, өзектің өзі дренаж қызметін атқарады деген мақсат қойылған еді. Сол кезде бюджеттен канал құрылысына 1,5 миллиард теңге және кейін қайта жарақтауға, яғни жүзбелі сорғы станциясының құрылысы мен шлюздерді орнатуға 170 миллион бөлінген еді. Нысан қазір қараусыз жатыр.

Бұған дейін мәселені жан-жақты талқылаған қала тұрғындары каналды құрғатып, оның орнына жаяу жүргіншілер мен велосипед жолақтары бар демалыс аймағын құру қажеттігін ұсынған еді. Арна «Атырау» шағын ауданынан басталып қала аумағы арқылы Ракуша және Еркінқала ауылдарының қиылысы тұсынан Жайық өзеніне қосылады.

Осыған дейін Жамбылда Фурманов каналында 40 жылда алғаш жасалған механикалық тазалау аяқталғаны жөнінде жазған едік.