Атырауда 209 млн теңгенің ауызсу жобасы іске аспай тұр

Фото: Бөрлі ауданы әкімінің баспасөз қызметі

АТЫРАУ.KAZINFORM - Атырау облысы Қызылқоға ауданындағы Былқылдақты елді мекенінде ауыз су жеткізуге арналған жоба өз нәтижесін бермеді.

Облыстық бюджеттен 209 млн теңге бөлініп, 2023 жылы 10 шақырым су құбыры тартылғанымен, тұрғындар судың ащы болуына байланысты оны пайдаланбай отыр. 
Ауыл тұрғындарының айтуынша, құбыр арқылы келген су тұрмыстық қажеттілікке де жарамсыз. Төрт түлік те ішпейді.

«Су әр үйге қосылса жақсы болар еді. Қазір су келгенімен, пайдаланып отырған жоқпыз. Суды үйіміздің жанындағы құдықтан алып отырмыз», – деді Былқылдақты ауылының тұрғыны Қуандық Елемесұлы.

Жоба аясында су тұщытатын нысан да салынғанымен, ол бүгінде қараусыз тұр. Тұрғындар елді мекен маңында тұщы суы бар бұлақ пен жеке құдықтар бар екенін айтады. 

Олардың пікірінше, бұл су көздері кезінде ескерілмеген.

Ал жауапты органдардың мәліметінше, құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігер мекеме банкрот деп танылып, жоба аяқталмай қалған. 

Сағыз ауылдық округінің әкімі Асхат Арыстановтың айтуынша, бұл — бұрын бекітілген жоба бойынша салынған жүйе. Енді қараусыз қалған су тұщытатын станция мен құбырды «Сағыз су» мекемесіне сенімгерлік басқаруға беріп, жұмысты келер жылдан бастап жалғастыру жоспарланып отыр.

- Бұл бізге дейін жасалған жоба. Қазіргі мақсат – нысанды сенімгерлік басқаруға беріп, жұмысты жалғастыру. Құбыр тартылған, енді суды жүргізу мәселесін шешеміз, – деді Сағыз ауылдық округінің әкімі Асхат Арыстанов.

Айта кетейік, Былқылдақты ауылында 60-қа жуық адам тұрады. 

Осыған дейін Маңғыстау облысы әкімінің Ақтауда ауыз су тапшылығы қалай толығымен жойылғаны жөнінде жазған едік.