Облыс әкімі Болат Ақшолақов Атырау қаласындағы көппәтерлі тұрғын үйлерді 2026–2027 жылдардағы күзгі-қысқы маусымға дайындау мәселелері жөнінде жиын өткізді. Қала әкімінің міндетін уақытша атқарушы Мейіржан Мұқасовтың баяндамасында 15 мамырдан бастап көппәтерлі тұрғын үйлердің жылыту жүйелеріне гидравликалық сынақтар жүргізіліп жатқаны айтылды. Тексерілетін үйдің жалпы саны — 1 174.
— 15 қыркүйектегі жағдай бойынша 1 113 үй тексерілді, бұл — 94,8%. Автономды қазандықтары бар 79 үйде жұмыс бөлек жүріп жатыр, жүйелерді жуу, қысыммен тексеру және баптауға 27 сервистік ұйым тартылған, — деді М. Мұқасов.
Сондай-ақ инженерлік инфрақұрылымында проблемалары бар 26 тұрғын үй кешенін коммуналдық меншікке беру мәселелері қаралды. Нысандардағы жағдай әртүрлі. Кейбірінің салған компаниясы мен құжаттамасы бар, кейбірінде меншік иесі жоқ немесе желілер рәсімделмеген.
— Тұрғын үй кешендерін теңгерімге алу кезінде ілеспе инфрақұрылымдарды бірге тапсырып, мәселелерді келесі жылдарға қалдырмай, дер кезінде шешу қажет. Әйтпесе тұрғындар қордаланған мәселелермен бетпе-бет келеді. Дәл қазіргі басты міндет — күзгі-қысқы маусымның қалыпты өтуін қамтамасыз ету. Жыл аяғына дейін әрбір нысан бойынша нақты шешім шығарылуы тиіс, — деп атап өтті облыс әкімі.
Бұдан бөлек, облыс әкімінің қаладағы 17 тұрғын үй кешеніндегі кәріз инфрақұрылымының мәселелерін шешу жөніндегі тапсырмасы бойынша әзірленген жол картасы қаралды.
Болат Ақшолақов жиынды қорытындылай келе, жол картасының жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді, жыл аяғына дейін проблемалы тұрғын үй кешендерінің инфрақұрылым мәселелерін шешуді, кейін нысандарды теңгерімге қабылдауды, сондай-ақ инженерлік инфрақұрылым объектілеріне жедел әрі уақытылы қызмет көрсету үшін бірыңғай коммуналдық кәсіпорын құру бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.