Атырауда 27 жастағы жігіт тұрғындарды әйел даусымен алдаған

Атырауда 27 жастағы жігіт бірнеше тұрғынды әйел даусымен алдап келген, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: Kazinform

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, биыл әлеуметтік желідегі парақшаларда пәтер жалға беру жөніндегі жарияланған хабарландырудан 20-ға жуық тұрғын зардап шеккен.

«Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері „Hi-Tech“ іс-шарасы кезінде күдіктінің Krisha.kz парақшасында пәтерді жалға беру жөнінде жалған хабарландыру беріп келгенін анықтады. Ол хабарласқан тұрғындардың алдын-ала төлем ретінде аударған қаржысын алаяқтық жолмен иемденген. Назар аударатын бір жайт, күдікті телефондағы дауысын әртүрлі үнге өзгертіп, бірде жас қыз, келесіде орта жастағы әйел адам болып сөйлескен.​ Мәселен, 37 жастағы тұрғын күдіктімен Whatsapp мессннджері арқылы хат алмасып, ​ алдын-ала 50 мың теңге аударып, алданып қалған. Тергеу кезінде күдіктінің осындай 3 қылмыстық іске қатысы бары анықталды», — деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Қазір күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда жұмысқа орналастырамын деп аллап 800 мың теңге алған адам ұсталғанын жазған едік.