Жүргізушілер Атырауға арнайы келе жатқан полиция қызметкерлерінің не себепті келе жатқаны және нені тексеретіні туралы ақпарат болмағандықтан жиналған.
Атырау облысы ПД бастығының бірінші орынбасары, прокурорлар бастаған топ олармен кездесіп, сұрақтарына жауап берді.
Олар жиналған топқа бұның әдеттегі патрульдік жұмыс екенін, заң талаптарын сақтағандарға ешқандай шара қолданылмайтынын айтты.
ПД мәліметінше, іс-шараға Астана қаласынан, Қарағанды және Қостанай облыстарынан полиция қызметкерлері тартылды.
— 21-23 мамыр аралығында өңір аумағында рейд және жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізіледі. Осы кезеңде полиция қызметкерлері күшейтілген режимде қызмет атқарады. Негізгі мақсат — қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, құқық бұзудың алдын алу, жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейту және тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау, — делінген ресми хабарламада.
Полиция қызметкерлері қоғамдық орындарда, жол бойында және халық көп шоғырланатын аумақтарда бақылауды күшейтіп, құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында жұмыстар жүргізеді.
Бұған дейін Атырауда мас күйде көлік айдаған мектеп директоры қызметінен кеткенін жазған едік.