Атырауда 4 станса Жайықтан алынған суды үздіксіз тазартуда
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда Жайық өзенінен алынған суды тазартуға қолданылатын 14 тонна реагент бар.
«Атырау облысы Су Арнасы» КМК-ның Жайық өзенінен алынған суды тазартатын 4 стансасы бар. Кәсіпорынның бас технологы Жәмила Исағалиеваның айтуынша, әр стансада тәулігіне 30 мың текше метр су тазартылады.
«Қазір өзеннен алынған суды тазартуға қолданылатын 14 мың тонна реагент бар. Бұл – 3 айға жететін қор. Осы кезге дейін Атырау қаласы мен оған іргелес орналасқан елді мекендердің, Мақат ауданындағы Мақат және Доссор кенттерінің, Ескене ауылының тұрғындарына тазартылған ауыз су жеткізіп отырмыз. Жайықта су деңгейі көтерілгенімен, біздің стансаларда суды тазарту, сүзгіден өткізу жұмыстары тоқтамайды. Біз тұтынушыларға таза ауыз су жеткізуді жалғастыра береміз. Өйткені, біздің су тазарту стансаларымызға су тасқыны қауіп төндірмейді», - дейді Жәмила Исағалиева.
Еске сала кетелік, бұған дейін Жайық өзенінен Атырау маңындағы 5 елді мекенге қауіп төнуі мүмкін екенін жазған болатынбыз.