Атырауда 40 жастағы тұрғыннан 16 келі қарасора тәркіленді
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атыраудың 40 жастағы тұрғыны 16 келі қарасорамен ұсталды.
Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері 40 жастағы күдіктінің қарасора өсіріп, кептірілген өсімдікті сақтағанын анықтады.
– Күдіктінің тұрғылықты мекенжайын тінту кезінде 45 дана есірткіні, тоңазытқышта сақталған ерекше иісі бар кептірілген өсімдікті тапты. Тәркіленіп алынған заттар салмағы 16 келіден асатын қарасора екені анықталды, - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Қазір ұсталған күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 300-бабының 3-бөлігімен қызмыстық іс тіркелді. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда есірткі өсіруге арналған фитозертхана анықталғаны хабарланған еді.