Атырауда 400-ден астам азамат әскери қызметтен жалтарып жүр

АТЫРАУ. KAZIMFORM – Қала тұрғындарының арасында 1414 нөмірінен жолданған хабарламалар мен ресми шақырту қағаздарын назардан тыс қалдырып, әскери есепке байланысты міндеттерін орындамай жүргендер саны 400-ден асқан.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Енді қалалық әкімдік пен қорғаныс істері жөніндегі басқарма қызметкерлері полицейлермен бірігіп, мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны аясында түсіндіру жұмыстарына кіріскен. Орталық көшелерде көліктерді тоқтатып, әскери шақыртуды елемей, қорғаныс істері органдарына келмеген азаматтарға заң талаптарын түсіндіруде.

- Атырау қаласы бойынша 400-ден астам азамат әскери шақыртуға келмегендердің қатарында тіркелген. Осыған орай, жауапты сала мамандары түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, тұрғындарды заң талаптарын сақтауға шақыруда, - деп мәлімдеді қалалық әкімдік.

Былтыр Атырау облысында 1500 тұрғын әскерге шақыртуға уақытында келмегені жөнінде жазған едік.