Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға кеше, 28 шілдеде болған.
«Атырау қаласында 28 шілде күні сағат 06:30 шамасында 2009 жылғы жасөспірім көпқабатты үйдің 5-қабатынан құлап, оқиға орнында қайтыс болды. Полиция қызметкерлері жасөспірімнің өліміне қатысты өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу дерегімен қылмыстық іс қозғады. Қазір кешенді тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында жыл басынан бері 6 бала терезеден құлағанын жазған болатынбыз.
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Сәбит Борашевтың айтуынша, кейінгі кезде балалардың жазатайым оқиғаға ұшырауы жиілеген.
«Әсіресе, 2-7 жасқа дейінгі балалардың терезеден құлауы көбірек кездеседі. Негізгі себеп – оңай ашылатын пластикалық терезе. Ата-аналар балаларының қауіпсіздігіне салғырттық танытады. Көпшілігі балаларын үйінде қараусыз қалдырып кетеді. Осындай себептің салдарынан жыл басынан бері 6 бала терезеден құлады», - деп мәлім еткен еді Сәбит Борашев.