Атырауда 5 күнде 370-ке жуық адам жауапқа тартылды

Фото: Kazinform

АТЫРАУ.KAZINFORM- Атырау облысында қаңтардың 27 мен 31-і аралығында отбасындағы жанжал мен зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін «Тұрмыс» жедел профилактикалық іс-шарасы өтті.

Полиция қызметкерлері үйлерді аралап, жанжал жиі болатын отбасыларды тексерді. Мұндай отбасылар қазір тұрақты бақылауға алынған. Нәтижесінде түрлі заңбұзушылықтар үшін 364 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың басым бөлігі отбасындағы тәртіпті бұзу, тыныштықты сақтамау және полиция талаптарына бағынбау деректері бойынша тіркелген.

- Сонымен қатар 93 қорғау нұсқамасы беріліп, 39 адамға сот арқылы ерекше талап қойылды. Бұл талаптар агрессия көрсеткен адамдардың жәбірленушіге жақындауына немесе байланыс орнатуына шектеу қояды. Басты мақсат – отбасындағы жанжалдың ушығып кетуіне жол бермеу. Осындай алдын алу шаралары арқылы көптеген жағдайдың алдын алуға болады, – деді ПД отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің аға инспекторы Айгерім Мұратова.

Осыған дейін Ақмола облысында балаларына алимент төлемеген әйел жауапқа тартылғанын жазған едік.