Атырауда 5 күнде 5 тонна прекурсор мен 3 мыңға жуық есірткі тәркіленді

Фото: Фото: Polisia.kz

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында 5 күнде психотроптық заттардың айналымына қатысты ережелерді бұзудың 8 дерегі анықталды. Заң бұзушылардан 5 тонна прекурсор мен 3 мыңға жуық есірткі тәркіленді.

Облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, заң бұзушылық «Дәрмек» іс-шарасы кезінде анықталған.

«Іс-шараның мақсаты – есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңды айналымы саласындағы құқық бұзушылықтарды анықтауға бағытталды. Осыған байланысты психотроптық заттар, прекурсорлардың заңды айналымын бақылау үшін кәсіпкерлік субъектілерге, денсаулық сақтау саласындағы зертханалар мен дәріханаларға тексеру жұмыстары жүргізілді. Тексеру нәтижесінде 5 күнде психотроптық заттардың заңды айналымына қатысты ережелерін сақтамаудың 8 дерегі анықталды. Оның ішінде лицензиялау нормасын бұзудың 5, есірткі, психотроптық заттар, прекурсорлар айналымы саласындағы нысандар мен үй-жайлардың техникалық нығайтылу талабын сақтамаудың 3 дерегі бар. Заң талабын бұзушылардан 5 тоннадан астам прекурсорлар мен 3 мыңға жуық есірткі заттары тәркіленді», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау тұрғыны үйінде фитозертхана жабдықтап, қарасора өсіргенін хабарлаған болатынбыз.