Атырауда 5 млн теңгеге жуық айыппұлын төлемеген 2 жүргізуші ұсталды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында айыппұлын төлемей жүрген 50-ге жуық жүргізуші анықталды. Оның ішінде 5 млн теңгеге жуық айыппұлы бар екі жүргізушінің автокөлігі арнайы тұраққа қойылды.
Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, жеке сот орындаушыларымен бірлескен рейд жүргізілген.
«Бірлескен рейдтің мақсаты – жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін салынған әкімшілік айыппұлдарды өндіріп алудың тиімділігін арттыру. Рейд кезінде әр түрлі сомадағы айыппұлын төлемей жүрген 50-ге жуық жүргізуші анықталды. Мәселен, Volkswagen Polo автокөлігінің жүргізушісі 3 млн 209 мың 394 теңге айыппұлын әлі төлемеген. Ал, Lada–21903 автокөлігінің иесіне 1 млн 792 мың 167 теңге айыппұл салынған. Екі жүргізушіге қомақты айыппұлын төлеу қажеттігі ескертілді. Олардың көліктері арнайы тұраққа қойылды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, Атырауда он күнде 321 жүргізушіден 7,8 млн теңге айыппұл өндірілгенін хабарлаған едік.