Атырауда 50-ден астам дүңгіршек заң талаптарын сақтамай жұмыс істеген

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда жыл басынан бері көкөніс пен жеміс-жидек сататын дүңгіршектерге жүргізілген мониторинг барысында 50-ден астам заң бұзушылық анықталды.

Фото: Алматы әкімдігі

Қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, арнайы жұмыс тобының құрамында әкімдік, полиция, мемлекеттік кірістер басқармасы, Кәсіпкерлер палатасы және қалалық мәслихат депутаттарының өкілдері бар. Олар сауда орындарының заң талаптарын сақтауын тұрақты бақылап келеді.

Мамандардың айтуынша, анықталған заң бұзушылықтардың басым бөлігі абаттандыру қағидаларын сақтамауға қатысты. Кейбір кәсіпкерлерге ескерту берілсе, бірқатарына 86 500 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған. Ал заңсыз саудамен айналысқандарға 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылған.

Сонымен қатар мониторинг тобы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына да бақылау жүргізеді. Қазір қаладағы 13 сауда нүктесінде «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының өнімдері сатылып жатыр. Егер мұндай өнімдерге белгіленген 15 пайыздық сауда үстемесі асқан жағдайда тұрғындар дәлелдерін қоса тіркеп, облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне шағым түсіре алады.

Департамент мәліметінше, биылғы алғашқы алты айда жүргізілген тексеру кезінде әлеуметтік маңызы бар тауарларға белгіленген сауда үстемесін асыру фактілері тіркелмеген. Алайда бағаның көрсетілмеуі мен сатып алушыға фискалдық чектің берілмеуі сияқты заң бұзушылықтар әлі де кездеседі.

– «Ішкі сауда қағидаларын бекіту туралы» бұйрыққа сәйкес сөреде тауардың атауы, өлшем бірлігі, салмағы және бағасы теңгемен міндетті түрде көрсетілуі тиіс. Бұл талап сақталмаған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 193-4-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Биылғы алты айдың қорытындысымен департамент 95 кәсіпкерлік субъектісіне қатысты хаттама толтырды. Соның ішінде сөрелерде бағаның болмауына байланысты 76 кәсіпкерге айыппұл салынды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда төрт есе артты, – деді департаменттің бас маманы Гүлайхан Нұрсұлтанова.

Қазір Атырау қаласында көкөніс пен жеміс-жидек саудасымен айналысатын 126 дүңгіршек жұмыс істейді. Жалпы жергілікті әкімдік мұндай қызметке арналған 230 сауда орнын белгілеп қойған.

Бұған дейін ШҚО-да азық-түлік бағасын негізсіз көтерген 50-ге жуық кәсіпкер жауапқа тартылғанын жазған едік.