Атырауда 500-ге жуық интернет-алаяқтық дерегі тіркелді

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында жыл басынан бері 500-ге жуық интернет-алаяқтық қылмысы тіркелді. Бұл туралы облыстық полиция департаменті хабарлады. 

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Ведомство мәліметінше, алаяқтар азаматтарды алдаудың бірнеше кең таралған тәсілдерін қолданады. Атап айтқанда:

• Жалған онлайн сауда — танымал сайттар мен әлеуметтік желілерде тауар сатқан болып, алдын ала төлем алып, кейін байланыс үзеді;
• Банк қызметкері болып хабарласу — жеке деректерді (SMS-код, карта нөмірі, CVV) алдап алады;
• Фишингтік сілтемелер — жалған сайттарға кіргізіп, жеке мәліметтерді ұрлайды;
«Инвестициялық жоба», «Жоғары табыс» уәдесі — жылдам пайда ұсынып, қаражатты иемденіп, жоқ болады;
• Мессенджерлер арқылы алдау — таныстардың аккаунтын бұзып, олардың атынан ақша сұрайды;
• Жалған жұмыс ұсыныстары — тіркеу не құжат үшін төлем талап етеді;
• Қайырымдылық атын жамылу — науқас балалардың немесе жалған қорлардың атын пайдаланып, қаражат жинайды.

Осыған байланысты өңірлік полиция департаменті азаматтарға бейтаныс тұлғаларға жеке деректерін бермеуді, күдікті сілтемелерге өтпеуді және оңай олжа уәдесіне сенбеуді ескертеді.

Бұған дейін, интернет алаяқтықтың жаңа түрі — көлік ұрлау туралы жазғанбыз.