Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда, биыл шартты ақшалай көмек алушылар саны азайған.
«Атаулы әлеуметтік көмек 403 отбасындағы 2 574 адамға шартты ақшалай, 159 отбасындағы 782 адамға шартсыз ақшалай күйінде тағайындалды. Мұндай көмекті алушыларға жасалған талдауға сәйкес, 18 жасқа дейінгі жасөспірімдердің үлесі 69 пайызды құрады. Ал, жұмыссыздар – 2,7, басқа санаттағылар – 28,3 пайыз. Жұмысы барлар – 10,3, зейнеткерлер – 0,5, мүгедектер – 0,7, студенттер – 4,1 пайыз. Бала күтіміндегі отырғандар 11,6, басқалары –1,1 пайызды құрып отыр», - деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.
Шартты ақшалай көмек алған 403 отбасындағы 92 жұмыссыздың 79 пайызы жұмыспен қамту шараларына тартылған. Оның ішінде 8-і тұрақты, 60-ы қоғамдық, 5-уі әлеуметтік жұмысқа жіберілген.
«Өңірде атаулы әлеуметтік алушылар өз ісін ашуға қайтарымсыз грант, ал, жастар 2,5 пайыз жеңілдікпен микрокредит иеленуге, қайта даярлау курстарынан өтуге үміткер бола алады. Ал, 488 отбасындағы 1-ден 6 жасқа дейінгі 943 балаға 9,9 млн.теңгеге қосымша төлем берілді», -деп мәлім етті басқарманың баспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда апатты үйлерде тұратын 24 отбасыға жаңа баспана берілгенін жазған болатынбыз.