Атырауда 6 айда заңсыз балық аулағандарға 4 млн теңге айыппұл салынды

Фото: Атырау облыстық полиция департаменті

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау полицейлері күн сайын Жайық өзенінде «Амур» рейдтік іс-шарасын жүргізуді қолға алды. Заңсыз балық аулау дерегімен ұсталғандарға салынған айыппұл 4 млн теңгеден асты.

Атырау облыстық полиция департаменті балық қорларына қол сұғушылыққа қарсы күрес бөлімінің инспекторы Максим Рахмеденовтің мәліметіне қарағанда, рейд кезінде Қытайда жасалған балық аулау торы тәркіленген. Торға түскен тірі балықтар өзенге қайта жіберілді.

Фото: Атырау облыстық полиция департаменті

— Күнделікті «Амур» рейдтік тексеру кешкі сағат 19:00–ден түнгі 01:00–ге дейін жүргізіледі. Бұл жұмыс Жайық өзені мен оның маңындағы экожүйені браконьерлік әрекеттерден қорғау, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қолға алынды. Жыл басынан бері су айдынында заңсыз алық аулауға байланысты 7 қылмыстық іс тіркелді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің талабын бұзып, балық түрлерін заңсыз аулаған 189 адамға 4 млн теңгеден астам айыппұл салынды, — деді Максим Рахмеденов.

Фото: Атырау облыстық полиция департаменті

Жайық өзеніндегі рейдке 8 қызметкер, 4 автокөлік пен 3 су көлігі тартылған.

Фото: Атырау облыстық полиция департаменті

Еске сала кетелік, бұдан «Бекіре — 2025» акциясы кезінде үш облыста браконьерлерге қатысты 33 қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған болатынбыз.