Атырауда 600 орындық мектептің құрылысы 2 жылдан бері тоқтап тұр

Фото: Kazinform / Нұрбибі Теміртасова

АТЫРАУ.KAZINFORM – Атырау қаласы «Бірлік-2» ықшамауданындағы 600 орындық мектептің құрылысы 4 жылға созылып кетті.

Бұл жұмысқа тапсырыс беруші – облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы. Құрылыс жұмысы 2022 жылдың маусымында басталған. 2024 жылы мектептің іргетасы отырып кеткені анықталған. Кейін мамандар іргетасқа зеределеу жұмысын жүргізіп, іргетасты күшейту керек деген шешім шығарған. Осыған байланысты жобалық сметалық құжатына өзгеріс енгізу қажеттілігі туындады.

- Осы жылдың наурыз айында жоба мемлекеттік сараптамадан шығу жоспарланып отыр. Бастапқы құны 3 млрд 100 млн теңге көлемінде болды. Іргетасын күшейту жұмыстары жасалатын болғандықтан және бүгінгі бағалар қойылатындықтан сметалық құны өзгеріске ұшырайды,-деді басқарманың бөлім басшысы Ернар Қадірбай.

Құрылыс жұмысына «Тараз Құрылыс Инвест» ЖШС жауапты. Өткен жылы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы мердігердің құрылыс нормаларынан ауытқығанын анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартып, айыппұл салған. Дегенмен аталған компания құрылыс жұмысын аяқтайды.

Фото: Kazinform / Нұрбибі Теміртасова

- Қазіргі таңда толықтай монолит құю жұмыстары аяқталды. Қабырға қалау жұмыстары 40 пайызға аяқталып тұр. Сонымен қатар, зертханалық қорытындыларға сәйкес іргетасты күшейту жұмыстарына дайындалып жатыр. Құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр,-деді басқарманың бөлім басшысы Ернар Қадірбай.

Басқарманың берген ресми мәліметіне сүйенсек, мердігер мекеме осы уақытқа дейін 1,6 млрд теңгені игерген.

Осыған дейін Атырау халқы 15 жыл күткен концерт залының құрылысы қалай жүріп жатқанын жазған едік.