Атырауда 661 отбасына 203,4 млн теңгенің атаулы әлеуметтік көмегі тағайындалған
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында тұрмысы төмен 661 отбасына 203,4 млн теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып отыр. Бұл отбасыларда 3 923 адам бар.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, оның ішінде 487 отбасындағы 3 074 адамға шартты ақшалай көмек берілген. Бұл – еңбекке қабілетті адамы бар отбасыларға берілетін атаулы әлеуметтік көмек. Ал, 179 отбасында тұратын 879 адамға шартсыз көмек ұсынылған. Өйткені бұл отбасыларда еңбекке қабілетті адам тіркелмеген.
«Атаулы әлеуметтік көмектің шартты ақшалай түрін алушылардың арасында жұмыс істеу белсенділігі жоғары 816 адам бар. Оның ішінде көмек алуға жүгіну кезінде 405 адам жұмыс істеп жүрді. Жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде 128 адам тіркеліп тұрды. Ал, 283 әйел бала күтімінде отырды. Жұмыссыз жүрген 128 адамның 91,4 пайызы жұмыспен қамту шараларына, 22-сі тұрақты жұмысқа, 89-ы қоғамдық, 6 адам әлеуметтік жұмысқа жіберілген», - деп хабарлады өңірлік коммуникациялар қызметі.
Атаулы әлеуметтік көмек алушылар есебіндегі 566 отбасында 1-ден 6 жасқа дейінгі 1 089 бала бар. Балаларға 26,9 млн теңгенің қосымша төлемі тағайындалған.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Жылыой жастары «Жасыл ел» бағдарламасымен құрылыс жұмыстарына тартылатынын хабарлаған едік.