Атырауда 74 жастағы қария үйінің ауласында 117 түп қарасора өсірген
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда 74 жастағы қария үйінің ауласында 117 түп қарасора өсірген. Тағы бір тұрғыннан 3 келіге жуық қарасора тәркіленді.
Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, екі деректі де экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру шарасы кезінде анықтаған.
«Полиция қызметкерлері Атырауда 54 жастағы тұрғынды қарасора өсіріп, кептірілген марихуана сақтағаны үшін ұстады. Күдіктінің тұрғылықты мекен-жайын тінту жүргізіліп, 3 келіге жуық қарасора және кептірілген марихуана тәркіленді. Ал, 74 жастағы қария өзінің тұрғын үйінің ауласында 117 түп қарасора өсімдігін өсіргені анықталды. Зейнет жасындағы күдіктінің заңсыз әрекетінің дәлелі ретінде айғақ заттар тәркіленіп алынды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Қазір полиция қызметкерлері екі күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғады. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізу басталды. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау полицейлері заңсыз айналымнан 7,8 тонна прекурсор тәркілегенін хабарлаған едік.
Сондай-ақ 37 жастағы ер адамнан 8 млн теңгенің синтетикалық есірткісі тәркіленгенін жазған болатынбыз.