Атырауда 8-9 сәуірде жылу желілерінде температура параметрі көтеріледі
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда екі күн қатарынан жылыту және ыстық сумен жабдықтау желілерінде температура параметрін көтеру жоспарланып отыр.
«Атырау жылу жүйелері» АҚ-ның мәліметінше, 8-9 сәуірде магистралды жылу желілерінде жылу тасымалдағыштың есептік температурасына жоспарлы сынақ жүргізіледі.
– Сынақ кезеңінде жылыту және ыстық сумен жабдықтау желілерінде температура параметрлері көтеріледі. Үй-жайлардың ішкі температурасын төмендету мақсатында қарқынды желдету ұсынылады. Осыған байланысты уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз. Қауіпсіздік, термиялық күйік алудан сақтану үшін жылу құбырларына 10 метрден кем қашықтықта жақындамау керек. Қауіпті аумақта балаларды, үй жануарларын, автокөлік пен басқа да жеке заттарды қараусыз қалдырмаған жөн, - деп хабарлады компаниядан.
Алайда компания жылу беру маусымы қашан тоқтатылатынын нақтылаған жоқ.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Алматыда жылу қашан өшірілетіні хабарланған еді.