Атырауда 8-сынып оқушысын топ болып соққыға жыққандарға қылмыстық іс қозғалды

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау қаласында сегізінші сынып оқушысының соққыға жығылуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Оқиға әлеуметтік желіде кеңінен талқыланып, қоғамның назарын аударды.

Фото: freepik.com

Жасөспірімнің анасының айтуынша, 29 мамыр күні оның ұлын алдап пәтерге шақырып, бірнеше сағат бойы ұстап отырған.

— Баламды сағат 15:00 шамасында пәтерге кіргізіп, кешкі 18:00–ге дейін шығармаған. Сол уақыт аралығында тоғыз жасөспірім кезек-кезек ұрып-соққан, — дейді ол.

Сондай-ақ әйел оқиғадан кейін жанжалға қатысушыларды өз күшімен іздеуге мәжбүр болғанын, ал сот-медициналық сараптама бірден тағайындалмағанын мәлімдеді.

Атырау облыстық полиция департаментінің дерегінше, құқықбұзушылыққа қатысы бар барлық жасөспірім анықталған.

— Атырау қаласы полиция басқармасының қызметкерлері құқықбұзушылыққа жол берген 15-16 жастағы барлық тұлғаны анықтап, заңды өкілдерімен бірге полиция басқармасына жеткізді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды, — деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Полицияның мәліметіне сәйкес, құқықбұзушылық жасаған жасөспірімдер ішкі істер органдарының профилактикалық есебіне қойылды. Жиналған материалдар кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі комиссияның қарауына жолданады.
Ал олардың ата-аналары бала тәрбиесіне тиісінше көңіл бөлмегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Жалпы елде 3 мыңнан астам бала полицияның есебінде тұр.