Атырауда 83 жасөспірімнің ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде 18-20 маусым аралығында «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр, деп хабарлайды Polisia.kz .

Фото: Polisia.kz

Іс-шараның негізгі мақсаты — кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың қатысуымен жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу және ата-аналардың жауапкершілігін арттыру.

— Рейдтік және профилактикалық жұмыстар барысында бір тәуліктің өзінде жасөспірімдерге қатысты және олардың қатысуымен жасалған 100-ден астам құқық бұзушылық дерегі анықталды. Сонымен қатар 20-ға жуық кәмелетке толмаған жасөспірім ішкі істер органдарына жеткізілді. Тексеру нәтижесінде түнгі уақытта ата-анасының немесе заңды өкілдерінің қарауынсыз жүрген 83 жасөспірім анықталды. Аталған фактілер бойынша олардың ата-аналары мен заңды өкілдеріне қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік шаралар қабылданды, — делінген ақпаратта.

Полиция қызметкерлері рейд барысында ойын-сауық орындарын, қоғамдық орындарды және халық көп шоғырланатын аумақтарды тексеріп, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Құқық қорғау органдары ата-аналарды балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, олардың жүрген ортасы мен айналысатын ісіне тұрақты бақылау жасауға шақырады. Себебі жасөспірімдердің қауіпсіздігі мен тәртібі ең алдымен отбасындағы тәрбие мен ата-ананың жауапкершілігіне тікелей байланысты.

Мұндай профилактикалық іс-шаралар кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қоғамдағы құқықтық мәдениетті нығайтуға бағытталған.

Еске сала кетейік, Ақтөбеде пәтер мен коттеджге жиналған мектеп түлектерінің ата-аналары жауапқа тартылды.