Атырауда 9 жастағы жасөспірімді ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық іс тіркелді
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласындағы аулалардың бірінде 9 жастағы жасөспірімге қатысты жасалған зорлық-зомбылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, аталған оқиға бойынша 21 жастағы күдікті анықталып, қамауға алынды.
– Жәбірленуші жеңіл дене жарақатын алған. Қазіргі уақытта оған психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жариялауға жатпайды, - делінген Полиция департаментінің ресми хабарламасында.
Сонымен қатар жәберленуші жедел жәрдем бригадасымен Атырау облыстық балалар ауруханасының травмпунктіне жеткізілген.
– Пациенттің шағымдары: бас айналу, сол жақ көз маңындағы ауырсыну. Жарақат ер адамның соққысынан кейін пайда болғаны белгілі болды, – деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Дәрігерлер науқасқа компьютерлік томография жасап, бас сүйек-ми құрылымдарында өзгеріс анықтамаған. Қорытынды бойынша, балада сол жақ көз маңындағы жұмсақ тіндердің соғылуы тіркелген.
Еске сала кетейік, бұған дейін елімізде қылмыс саны 13%-ға төмендегенін жазған болатынбыз. Оның ішінде Қазақстанда кісі өлтіру, қарақшылық, тонау, бұзақылық, ұрлық және мал ұрлығы азайған.