Атырауда 90 жастағы зейнеткердің 6 млн теңгесін алған алаяқ сотталды

Фото: Павлодар облысы прокуратурасы

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда алаяқ 90 зейнеткердің 6 млн теңгесін алдап алған. Сот курьер арқылы әрекет еткен алаяқты 2 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.

Атырау облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға 29 мамырда тіркелген.

– Белгісіз ер адам 1935 жылғы қарияға телефон шалып, өзін құқық қорғау органының қызметкері ретінде таныстырған. Қарияның қызын жол-көлік оқиғасына кінәлі деп сендірген. Жағдайды «реттеу» үшін ірі көлемде ақша талап етіп, арнайы курьер жіберілетінін айтқан. Қария қорқыныш пен уайымға салынып, үйіне келген бейтаныс адамға 6 млн теңге беріп жіберген, - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Жәбірленуші арада 10 күн өткен соң полицияға аталған оқиғаға қатысты шағым түсірген. Зейнеткердің шағымына байланысты Атырау облыстық Полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру шарасын жүргізген.

– Арнайы жүргізілген іс-шараның нәтижесінде курьер ретінде әрекет еткен 1994 жылғы ер адам ұсталды. Оның «Яндекс» қосымшасы арқылы курьерлік қызмет атқаратыны анықталды. Курьер тапсырысқа сәйкес 6 млн теңгені басқа адамға жеткізгенін айтты. Полиция қызметкерлері курьер арқылы әрекет етіп, зейнеткердің ақшасын иемденген күдікті ретінде Қызылқоға ауданының 2000 жылғы тұрғынын қолға түсірді, - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметі.

Күдікті кінәсін толық мойындаған. Сот үкімімен күдіктіге 2 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру туралы жаза тағайындалды.

– Бейтаныс нөмірден түскен қоңырауға, өзін «полиция қызметкері» деп таныстырғандарға сенбеген жөн. ⁠Күмән тудырған жайт туралы 102 нөміріне жедел хабарлау қажет, -деп мәлімдеді департаменттің баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда кәсіпкерден 2 млн теңге бопсалаған екі күдікті қамауға алынғанын жазған едік.